Пенсильвания университетінің Құқық мектебі білім грантын ұсынды

4 қазан, 2024

АҚШ-тың Пенсильвания штаты университетінің Құқық мектебі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің студенттеріне бес білім беру грантын бөлді. Бұл туралы АҚШ-тың Пенсильвания штаты университеті Құқық мектебінің деканы Стивен Барнстың заң факультетінің студенттерімен кездесуінде айтылды.

Жүздесуде ҚазҰУ-дың заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов: «Бүгінде жоғары білім беру мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша қос университет арасында ынтымақтастық табысты дамып келеді. Пенсильвания штаты университетінің біздің білім ордамызға білім беру грантын ұсыну осымен екінші жыл қайталанып отыр. Былтыр заң факультетінің үш студенті Пенсильвания штаты университетінде білім алып қайтқан болатын. Бұл біз үшін жетістік», – деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған Пенсильвания штаты университеті Құқық мектебінің деканы Стивен Барнс: «Біз ынтымақтастығымызды нығайту мақсатында  ҚазҰУ студенттерін АҚШ-қа шақырамыз. Заң факультетінің бакалавриатында оқитын 3-курс студенттері төртінші курстарын оқу үшін біздің университетке келеді. Сонда үш жылды ҚазҰУ-да оқып, бір жылды АҚШ-та оқиды. Нәтижесінде осы төрт жыл ішінде бакалавриат бойынша ҚазҰУ-дың және магистратура бойынша Penn state (Пенсильвания) университетінің дипломын алады.

Білім алушы жастардың оқу ақысын АҚШ тарапы төлейтін болады», – деді. Сондай-ақ ол жиында Пенсильвания штаты университеті Құқық мектебінің негізгі жетістіктерін атап, жиналғандарды басқа да білім беру бағдарламаларымен таныстырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі