ҚазҰУ студенттері Құмбел шыңын бағындырды
Халықаралық туризм күні қарсаңында Рекреациялық география және туризм кафедрасы Іле Алатауының жақын маңдағы тау шыңдары тізбегіне кіретін Құмбел шыңына (3200 м.ғ. к.) көтерілуді ұйымдастырды.
Бұл шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдығына арналды. Шыңды бағындыруға негізделген саяхат сапарының мақсаты – ішкі туризмді насихаттау, қоршаған әлемді тану және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу, салауатты өмір салтын насихаттау.
Аталған іс-шараны кафедра «Буревестник» альпинизм секциясымен бірлесіп (жетекшісі – В.Жданов), ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының қолдауымен ұйымдастырды.
Жүзден астам адам қатысқан шараға шәкірттерімен бірге факультеттің куратор-эдвайзерлері: А.Бейсахмет, Б.Әділбай, А.Қалиева, Ж.Төкенова, сондай-ақ университет қызметкерлері қатысты. Тауға көтерілудің қиындығына қарай, барлық қатысушылар арасынан 45 адам ғана Құмбел шыңын бағындыра алды. Оларға «Құмбел-2024» бағындырушы деген арнайы белгі тапсырылды. Барлық қатысушылардың тауға шығу қауіпсіздігін «Буревестник» альпинизм секциясы мүшелерінің кәсіби инструкторлары қамтамасыз етті.
Таулы жолды өту барысында география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева жастардың белсенділігін атап, өткен жылмен салыстырғанда олардың саны екі есе артқанын айтты. Осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысып, қолдау көрсеткен туризм саласына еңбек сіңірген инструктор, Рекреациялық география және туризм кафедрасының доценті А.Артемьевке және университет басшылығына ерекше алғыс айтылды.
«Тауға шығып серуендеу денсаулықты нығайтуға және физикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді, бұл салауатты өмір салтын қамтамасыз етуге бағытталған тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келеді. Белсенділіктің бұл түрі табиғи экожүйелерді сақтауға да көмектеседі, өйткені жастар қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы көбірек ақпарат алады», – деп атап өтті декан Әлия Ақтымбаева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі