ҚазҰУ-да күзгі жәрмеңке ұйымдастырылды

6 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде күзгі жәрмеңке ұйымдастырылды.

 

Тұрақты даму мақсаттарының екінші,он бірінші және он жетінші бағытын іске асыруға арналған іс-шараға университет басшылығы және қызметкерлер, оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.

Жәрмеңкеде студенттер мен оқытушылар ауылшаруашылық тауарларды, азық-түлік өнімдерін, қолөнер бұйымдарын және т.б. қажетті заттарды қолжетімді бағада сатып алды. Университеттің шебер студенттері келушілерге өз қолдарынан жасаған ерекше қолөнер бұйымдарын ұсынды.

«Қазақ кілемі түкті және тақыр болып екіге бөлінеді. Бүгін ҚазҰУ-дағы жәрмеңкеге өзім тоқыған тақыр кілемді әкеліп отырмын. Осы салада еңбек өтілім – 56 жыл. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы жәрмеңкеге жыл сайын қатысып келемін. Мақсат – жастарға қазақ кілемі туралы ақпарат беру, олардың назарын аудару және студенттерге кілем тоқу әдісін үйрету», - дейді кәсіпкер Роза Үйсінбаева.

Жексенбілік мереке Қазақстан Республикасы жоғары білім қызметкерлері күні, халықаралық қарттар күні, Мұғалімдер күніне орайластырылды.

«Бүгінгі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығындағы жәрмеңке жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жастар үшін қолжетімді бағада түрлі тауарлар ұсынылуда. Базардағы бағалармен салыстырған едәуір арзан. Оның үстіне бұл шаруалардың өзінің қолдан өсірген өнімдері мен шеберлердің қолдан жасаған бұйымдары. Бұл студент үшін де оқытшы үшін де өте тиімді. Мұндай іс-шара тек студенттерге ғана емес, Алматының тұрғындарына да қолайлы деп санаймын», - дейді физика-техникалық факультетінің 2-курс студенті Айзере Қуанышқызы.

Күзгі жәрмеңке барысында студент-жастар үшін «Ақсүйек» ойыны ұйымдастырылып, қызықты әрі көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  Спорттық іс-шара салауатты өмір салтын ұстануға, денешынықтыруды насихаттауға үндейді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі