Түркі тілдері мен мәдениетін зерттеуге арналған маңызды тұсаукесер

7 қазан, 2024

2024 жылдың 7 қазанында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түркітану ғылымы үшін маңызды оқиға өтті. Түркі Академиясы мен ҚазҰУ ұйымдастырған іс-шарада Жансейіт Түймебаевтың «Теоретические принципы и критерии историко-генетического разграничения тюркско-монгольских лексических параллелей» және Бекир Чобанзаденің «Тілтұтқа» еңбектерінің, сондай-ақ түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктерінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға беделді ғалымдар, соның ішінде Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Әзербайжан Ғылымдар Академиясының академигі, сондай-ақ Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен Мюдеррисоглу қатысып, түркі тілдерінің ғылыми-зерттеу саласына қосқан үлесі мен осы еңбектердің маңыздылығы туралы баяндама жасады.

Тұсаукесер барысында, филология саласындағы көрнекті ғалымдар –Элеонора Сулейменова, Раушан Авакова және Анар Фазылжанова түркі тілдерін зерттеудегі қазіргі өзекті мәселелерді талқылап, ғылыми көзқарастарымен бөлісті.

Бұл шараға түркітану мамандығының 2 курс студенттері де белсене қатысып, олар үшін тың тәжірибе алу мүмкіндігіне айналды. Студенттер өздері үйреніп жатқан саланың тереңдігін сезініп, ғылымға деген қызығушылықтарын арттырды. Ғалымдармен тікелей байланыс орнатып, ғылыми ізденістердің мәнін тереңірек түсінді. Түркі әлемінің ортақ мәдениетін зерттеу мен сақтаудың маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтіп, болашақ мамандықтарына деген ынталарын арттыра түсті.

Бұл іс-шара түркі тілдері мен мәдениетін тереңірек түсінуге бағытталған маңызды қадам болды. Түркітану ғылымының жаңа қырларын ашқан бұл еңбектер түркі халықтарының ғылыми ынтымақтастығын нығайтуға және болашақ ұрпақтың ортақ құндылықтарды ұлықтауына айтарлықтай үлес қоспақ.

Филология факультеті,

түркітану және тіл теориясы кафедрасының

аға оқытушысы

Дәулет Айгүл Уәлибайқызы