Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетімен байланыс орнайды
Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің делегациясы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болды. Сапар аясында университет басшылығымен кездесуде екі елдің жоғары оқу орындарының өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары талқыланды.
Қонақтарды Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қарсы алды. Ол өз сөзінде халықаралық ынтымақтастық бағытына тоқталып, оның аясында ҚазҰУ Қытай университеттерімен белсенді араласып, бірқатар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асырып отырғанын айтты. Қытайлық әріптестеріне университет қызметіне қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіре отырып, бірінші проректор барлық ұсыныстарды қарастыруға және өзара тиімді әріптестік бағыттарын талқылауға дайын екенін айтты.
Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетінің вице-президенті Ло Лиганг өз сөзінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын атап өтті. Ол сонымен қатар Шанхай саяси ғылымдар және құқық университеті (SHUPL) туралы әңгімелеп берді. Аталмыш оқу орны 2020 жылы Қытай университеттерінің рейтингінде Қытайдың саяси және заң университеттері арасында 4-орында болды. 1984 жылы ашылған университетте 11 мыңнан астам магистрант, бакалавр, кәсіптік колледж және халықаралық студенттер бар. Ло Лиганг мырза байланыс орнатуға және қарым-қатынасты нығайтуға қызығушылық танытып, кездесуге қатысушыларды Шанхай саяси ғылымдар және құқық университетіне келуге шақырды.
Бұдан әрі тараптар өзара іс-қимылдың келешегі туралы пікір алмасып, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және білім беру бағдарламаларын әзірлеу бағыттарын талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі