Фараби бизнес мектебі Accelerate жобасын қолдады
Фараби халықаралық бизнес мектебі School Girls Power қоры жүзеге асырған Accelerate жобасын қолдады.
ACCELERATE бағдарламасының негізгі мақсаты – шағын және орта бизнеске иелік ететін 300 жас әйелді цифрлық және іскерлік дағдыларға үйрету және тәлімгерлік көрсету, сондай-ақ олардың қолданыстағы бизнесін жақсартуға және кеңейтуге көмектесу, нәтижесінде жұмыс орындарын көбейту және табыс деңгейін арттыру.
Бағдарлама Орталық Азияның үш елінен келген кәсіпкер әйелдерге қолжетімді болды: Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан. Ұйымдастырушылар бағдарламаға қатысу үшін 1509 өтінім қабылдап, олардың ішінен 351 қатысушыны іріктеді.
Бизнес-мектептің оқытушылары, соның ішінде FIBS директорының орынбасары Қиял Түкембаева және бизнес-тренерлер Мұрат Жәкішев пен Кубат Чопиев екі ай бойы апта сайын Zoom платформасында «Бизнес ауқымын кеңейту», «Қаржылық басқару» және «Кәсіпкерлік дағдылар мен тұлғалық даму» пәндері бойынша сабақтар өткізді. Сонымен қатар әрбір оқытушы 10-12 адамнан тұратын екі тәлімгерлік топты басқарып, топтық және жеке тәлімгерлік сессиялар өткізді.
Бағдарлама аяқталғаннан кейін 300 қатысушы сертификат алды, ал олардың 13-і инвестиция алу үшін соңғы питчингке өтті. Осы жобаны қолдау арқылы Farabi International Business School Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына елеулі үлес қосты. Бұл туралы Girls Power тәуелсіз қорының аталған бағдарлама ұйымдастырушысы жолдаған алғыс хатта атап өтілді. Ал бағдарлама қатысушылары әлеуметтік желілерде және Farabi International Business School-дың әрбір оқытушысына жеке алғыстарын білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі