«Банк секторын сандық трансформациялау» тақырыбындағы қонақ дәрісі

7 қазан, 2024

2024 жылдың 7 қазанында сағат 13:00-де «Лайықты еңбек және экономикалық өсу» 8-мақсаты аясында «Қаржы және есеп» кафедрасының оқытушы–профессорлар құрамының, экономика ғылымдарының кандидаты Асилова А.С. мен «Қаржы» мамандығының 4 курс студенттерінің қатысуымен «Сандық қаржы» пәнінен «Банк секторын сандық трансформациялау» тақырыбында Қазақстан Халық банкінің маманы, Үлкен деректер ғалымы (Senior Data scientist) Арысбеков Танатпен қонақтық дәріс өткізілді.

Дәріс барысында заманауи банктік қызметтерді цифрландыру, деректерді өңдеу және талдау, сондай-ақ қаржылық технологияларды қолдану бойынша өзекті мәселелер қарастырылды. Арысбеков Танат мырзаның өткізген дәрісінде студенттер тақырыпқа қызығушылық танытып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Тақырыпты талқылау барысында студенттердің тарапынан Арысбеков Танат мырзаға «Банктік қызметтерді цифрлық форматқа көшірудің қаржы секторындағы маңызы қандай?» – деген сұрақ қойылды.

Арысбеков Танат мырза қазіргі таңда цифрландыру процесінің банктік қызмет саласындағы бірқатар қызмет түрлеріне әсер етіп, операциялық шығындарды азайтуға, клиенттерге қызмет көрсету жылдамдығын арттырып, қызметтерге тәулік бойы қолжетімділік беретіндігін атап өтті. Сонымен қатар, цифрлық трансформация қаржы инклюзиясын кеңейтіп, шалғай аймақтардағы адамдарға да банктік қызметтерге қол жеткізуге жағдай жасайтынын ашып айтты.