ҚазҰУ Кәсіподақтар күнін атап өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты жиын өтіп, университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының белсенді мүшелері марапатталды.
Іс-шараға кәсіподақ комитетінің мүшелері мен кәсіподақ бюросы бөлімшелерінің төрағалары, одақ белсенділері, оқытушы-профессорлар құрамы және университет қызметкерлері қатысты.
Жиында сөз алған «Парасат» кәсіподағының төрағасы Талғат Мекебаев барша қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ол қазақстандық кәсіподақ қозғалысының тарихына шағын шолу жасап, 1905 жылдың желтоқсанынан бастап Ақмола уезінің Успен мыс кенішінің жұмысшылары кәсіби одаққа бірігіп, саяси және экономикалық талаптарын айтып, жиын өткізген кезден басталатынын айтты.
Кәсіподақтар күні жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі. Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы тиісті қаулысы нормативтік-құқықтық актілердің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланды.
Сондай-ақ жиында Талғат Мекебаев QS рейтингінде әлемнің үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына еніп, 163-орынды иеленген еліміздің жетекші жоғары оқу орнының жетістіктерін атап өтті. «ҚазҰУ қалашығы құрылысының II кезеңін іске асыру бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Бүгінгі мереке күні ҚазҰУ-дың болашақ түлектерін оқыту мен тәрбиелеу ісіне күн сайын қосқан баға жетпес үлестеріңізді атап өту маңызды. Сіздер адал еңбектеріңізбен еліміздің ең ірі жоғары оқу орны қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін толық қорғауға қабілетті кәсіподақ қозғалысын күн сайын нығайтудасыздар», – деді кәсіподақ төрағасы.
Жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлері кәсіподағының белсенді мүшелері: әрбір факультет пен университет бөлімшелерінің қызметкерлері ұйым жұмысының дамуына қосқан елеулі үлестері үшін алғыс хатпен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі