Польша университеттерімен академиялық байланыс артады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Михал Лабендамен кездесу өткізді.
Тараптар ҚазҰУ мен Польша ЖОО-лары арасындағы байланысты нығайту мәселесін талқылады. Атап айтқанда оқытушылар мен студенттер алмасу, мәдени және тарихи іс-шараларды бірлесіп өткізу, ортақ жобаларды жүзеге асыру бағытындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.
Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтың оқу ордасына жұмыс сапарымен келгенінің мәні зор екенін атап өтіп, жасалатын келіссөз ҚазҰУ мен Польша университеттерінің көпқырлы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде ректор бүгінгі жүздесудің өзге кездесулерден ерекше екеніне тоқталды.
«Құрметті елші біздің қара шаңырақ ҚазҰУ-дың түлегі. 1993 жылы Қазақстанға алғаш келіп, 1994 жылы университет студенті атанды. ҚазҰУ-ды бітіргеніне биыл – 25 жыл. Сондықтан елші Михал Лабенданың жоғары оқу орнына жасаған сапарының жөні бөлек. Сондай-ақ қазақ тілінде еркін сөйлейді», – деді ректор.
Жансейіт Түймебаев кездесуде ҚазҰУ мен Польша университеттері арасындағы байланысты нығайту қажет екенін айтып, бірқатар ұсынысын ортаға салды.
«Бүгінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Польшаның 23 жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынаста. Дегенмен осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, алдағы уақытта бірлескен жұмыс жоспарын құру қажет деп санаймын. ҚазҰУ-да білім аламын дейтін Польша студенттері үшін университет есігі әрдайым ашық. Ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне барлық қажетті жағдайды жасауымыз қажет. Сондықтан болашақта Қазақстан мен Польшаның тарихына арналған қазақ және поляк тілдерінде кітап шығаруды ұсынамын», – деді ЖОО басшысы.
Өз кезегінде Михал Лабенда ілтипат білдіргені үшін ҚазҰУ ректорына алғыс айтып, жоғары білім мен ғылым бағытындағы байланысты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.
«ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны. Бұл университет жаныма жақын. Қай бағыт болса да, серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Соның ішінде білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық маңызды деп санаймын. Кездесуде айтқан барлық бастамалар мен ұсыныстарды қолдаймын. ҚазҰУ мен Польша ЖОО-лары арасында қосдипломды білім беру бағдарламасын дамыту аса қажет. Қазақ-польша тарихына қатысты кітап шығару ұсынысыңызды қуана қабылдап, сол бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысамыз. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан поляк тіліне қызығушылық танытқан жастарға тіл үйрету үшін арнайы мамандарды ҚазҰУ-ға жібере аламыз», – деді елші.
Жүздесуде Жансейіт Түймебаев Польшаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі, ҚазҰУ түлегі Михал Лабенданы көшбасшылық дәріс оқуға шақырды. Құрметті мейман бұл ұсынысты қуана қабылдайтынын айтып, дәріс оқуға келетінін жеткізді.
Келіссөз барысында тараптар аталған бастамалар мен ұсыныстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі