Ректор қалашықтағы жөндеу жұмыстарын пысықтады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев суперкомпьютер орталығы мен география және табиғатты пайдалану факультетінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
Алдымен ЖОО басшысы суперкомпьютер орталығына барды. Бүгінде орталықта жөндеу жұмыстары аяталуға жақын. Мұнда Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылады. Бұл жоғары технологиялық құрылғы бүкіл Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдардың түрлі жағдайларын модельдеуге және еліміздің IT-инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Суперкомпьютердің ең жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS құрайды.
Орталықтың жалпы аумағы – 227,36 шаршы метр. Аталған ғылыми орталық география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші қабатында орналасқан. Ішкі қасбеті толығымен жаңартылып, соңғы үлгідегі дизайнмен жасалды. Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы толығымен ауыстырылды.
Университет ректорына жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндалды.
Кейін Жансейіт Түймебаев «Қашықтан зондтау технологиясы және қолдану» қазақ-қытай бірлескен зертханасына барды. Онда ғимарат алдындағы тас төсеніштері ауыстырылуда. Тас төсеніштердің тозып, бұзылуына байланысты ауыстыру қажеттігі туындады.
Оқу ордасының басшысы жауапты мамандарға жөндеу жұмыстарын сапалы және уақтылы аяқтауды тапсырып, бірқатар тапсырма жүктеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі