ТДМ-4: Студенттер театрда «Әпке» қойылымын тамашалады
Оқу ордамыздың Медицина және денсаулық сақтау факультетінің студенттері 3 қазан күні Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Әпке» драмасын сахналайтын қойылымды тамашалады. Жазушының қарымды қаламынан туған бұл шығарма күні бүгінге дейін өзінің маңызын, өзектілігін жоғалтқан емес.
Дулат Исабековтің «Әпке» драмасы бүгінгі заман ағысымен ұлттық құндылықтарды жоғалта бастаған, адамгершілік, парыз, борыш ұғымдарын жете түсінбейтін жастардың бейнесін ашып көрсететін шығарма. Театрда көрермен назарына ұсынылған бұл қойылым – көпшілікке отбасындағы тәрбиенің рөлі үлкен екенін, ағайын-туыс, бауырдың арасындағы қарым-қатынастың ең құнды дүние екенін ұғындырады.
«Әпке» қойылымын тамашалаған студенттеріміз бір сәтте түрлі эмоцияны бастан кешіп, қойылым кейіпкерлерімен бірге мұңайып, бірге қуанды. Театр да, қойылым да олардың көңілінен шықты.