Астрофизика мәселелері талқылануда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұлдызды астрофизика саласына арналған Hot Stars: Life with Circumstellar Matter атты халықаралық ғылыми конференция басталды.
Оқу ордасының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға АҚШ, Канада, Ресей, Қытай, Үндістан және т.б. елдерден келген 50-ден астам шетелдік ғалым-сарапшылар қатысып, өзара пікір алмасты.
Әбу Насыр әл-Фарабидің тарихи мұрасы, оның қазіргі заманғы бақылау астрономиясының қалыптасуындағы философ және ғалым ретіндегі баға жетпес үлесі ерекше рөл атқарады.
Конференцияға қатысушылар әл-Фарабидің аспан денелері қозғалысы туралы білімнің математикалық негіздерін қалыптастыру және астрономияның философия саласын дамытуға қосқан үлесі жайлы атап өтті.
Шара барысында ғалымдар жақын орналасқан газ-шаңды қабығы бар ыстық жұлдыздар саласындағы заманауи зерттеулер туралы ақпараттармен бөлісіп, талқылау жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, физика-техникалық және механика-математика факультеттері ұйымдастырып отырған іс-шара В.Г.Фесенков атындағы Астрофизика институты мен Инженерлік және іргелі ғылымдар институты, сондай-ақ ҚазҰУ мен Назарбаев университетінің қолдауымен өтуде.
Халықаралық конференция қазанның 19-ына дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі