"Күміс университет" жобасы аясында
Елімізде 2021 жылдан бастап «Күміс университет» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында 50 жастан асқан азаматтардың түрлі бағыттар бойынша білім мен дағдыларын қалыптастыру көзделеді. Бұл – егде жастағы азаматтардың өзін-өзі дамытуына, белсенді болуына көмектесуге бағытталған әлеуметтік қызмет. «Күміс университет» қоғамға бейімделуді жақсарту үшін жасалып жатқан халықаралық жобалардың бірі. Мұндағы курстар сандық дағдылар, шет тілдері, кәсіпкерлік, құқық, мәдениет және т.б. салаларды қамтиды.
ЖОО дейінгі білім беру факультеті шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы осы жобаға өз үлесін қосып, тілек білдірушілерді мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға машықтандыру мақсатында қазақ тілі сабағын ұйымдастырды. Қазақ тілі сабағын филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлбағиза Әбіласымқызы Мұсаева жүргізді. Бүгінгі сабақта тыңдаушылар қазақ тілінің төл дыбыстарымен, қазақ тілі фонетикасының ерекшеліктерімен танысып, айналадағы заттардың қазақша атауын атап үйренді. Сабақ тыңдаушылардың көңілінен шықты.