Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінің ұжымы География және су қауіпсіздігі институтымен кездесу өткізді

15 қазан, 2024

2024 жылдың 15 қазанында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінің басшылығы Қазақстан Республикасы География және су қауіпсіздігі институтына ресми іссапар жасады. Бұл шара география және табиғатты пайдалану саласында білім беру мен ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруға бағытталған.

Іссапар барысында Институт басшылығымен кездесу өтіп, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және су ресурстарын басқару саласындағы ғылыми зерттеулердің перспективалары талқыланды. Екі тарап та ғылыми деректермен белсенді алмасуға, бірлескен жобалар әзірлеуге және тұрақты даму мақсаттары шеңберінде ғылыми-тәжірибелік іс-шаралар ұйымдастыруға дайын екендіктерін білдірді. Кездесу барысында 6-мақсат (Таза су және санитария), 13-мақсат (Климаттың өзгеруіне қарсы күрес) және 15-мақсат (Құрлық экожүйелерін сақтау) секілді ТДМ-дерге қол жеткізу жолдары қарастырылды.

Климаттың өзгеруі, су қауіпсіздігі және экологиялық тұрақтылық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қатысушылар Қазақстан мен Орталық Азия алдында тұрған экологиялық мәселелерді шешуде бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселелер судың жетіспеушілігі мен қоршаған ортаны қорғаудың қажеттілігі жағдайында ТДМ-ге қол жеткізу үшін маңызды болып табылады.

Сонымен қатар, қараша айының ортасында география және табиғатты пайдалану факультеті География және су қауіпсіздігі институтының базасында өз филиалын ашатыны жарияланды. Жаңа филиал ғылыми зерттеулер мен білім беру қызметінің орталығы ретінде қызмет етеді және ҚазҰУ мен Институт студенттері мен ғылыми қызметкерлеріне су қауіпсіздігі, экология және тұрақты даму саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Іссапар аясында ҚазҰУ қызметкерлері Институттың зертханалары мен ғылыми орталықтарында болып, географиялық зерттеулер мен су технологиялары саласындағы соңғы жетістіктермен танысты. Бұл әзірлемелер табиғи ресурстарды тиімді басқару және биологиялық әртүрлілікті сақтау мақсаттарын қамтитын ТДМ-ді жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.

Болашақта бұл ынтымақтастық қоршаған ортаны қорғау, су қауіпсіздігі және аймақтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған ірі халықаралық жобаларды жүзеге асыруға алып келеді деп күтілуде.