ҚазҰУ-да Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының орталығы ашылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұловамен кездесу өткізді.
Тараптар болашақта бірлесіп жүзеге асыратын ауқымды бастамалар мен жобаларды талқылады.
Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорының орталығын ашуды ұсынды. Сондай-ақ университет пен қордың болашақта ортақ жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті толықтай жететініне сенім білдірді.
«Биыл Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қорына Әзірбайжан төрағалық етіп отыр. Келесі жылы қорға Қазақстан басшылық етеді. Сондықтан алдағы уақытта ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Түрколог ғалымдардың басын қосып, түркі әлемі мен мәдениетін зерттеуге арналған халықаралық конференцияларды өткізуді көздеп отырмыз. Осы тұрғыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен тығыз жұмыс істейміз деп ойлаймын», – деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Жансейіт Түймебаев аталған ұсынысты толық қолдайтынын жеткізіп, университет тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Айта кетейік, биыл Халықаралық түркі мәдениеті мен мұрасы қоры және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Келісімнің мақсаты – тараптар арасындағы серіктестік байланысты қолдауға және дамытуға жағдай жасауға ықпал ету.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі