Малайзия университетімен серіктестік бағыттары талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Малайзияның Халықаралық ислам университетінің делегация құрамы жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев қонақтармен кездесті.
Жүздесу аясында сөз алған университет ректоры QS WUR 2025 рейтингінде әлемнің Топ-200 жоғары оқу орындарының қатарына еніп, 163-ші тұғырдан көрінген ҚазҰУ-дың қазақстандық университеттер арасындағы көшбасшылық жетістіктері жайлы айтып берді. Университет сонымен қатар Орталық Азияда 1-орынды, QS Азия рейтингінде барлық Азия университеттері арасында 29-орынды иеленеді.
ҚазҰУ бүгінгі таңда Малайзияның сегіз университетімен тікелей серіктестік қарым-қатынас орнатты. Олардың ішінде Yayasan Melaka халықаралық колледжі, Fattaheducation (Малайзия университеттерінің халықаралық өкілдігі), Менеджмент және ғылым университеті т.б. бар. Академиялық ұтқырлық аясында 2023-24 жылдары ҚазҰУ-дың бес докторанты Малайзия университеттерінде ғылыми тағылымдамадан өтті. Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында 2023 жылғы қарашада Азия-Тынық мұхиты аймағында жоғары білім беру мәселелері бойынша QS саммиті кезінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға QS Asia University Rankings халықаралық рейтингі сертификатын тапсыру салтанатты рәсімі өтті. Онда 856 қатысушы жоғары оқу орындарының арасында ҚазҰУ 29-орынға жайғасты.
Сөз соңында Жансейіт Қансейітұлы университет оқытушы-профессорлар құрамы мен студент алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, профессорларды шақыру және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған IIUM Басқарушылар кеңесінің мүшесі, Дато Cри доктор Сайед Хусейн әл-Хабши Малайзиядағы Халықаралық ислам университетінің (IIUM) аймақтық және халықаралық деңгейде танылған қызметі жайлы айтып, Женевадағы PENCIPTA, INPEX, ITEX және KIPA сынды көрмелерде медаль жеңіп алғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен IIUM әріптестік, әсіресе қосдипломды бағдарламаларды іске асыру, тұрақты даму және академиялық алмасу саласында үлкен перспективалар ашатынын атап өтті. Серіктестіктің осы бағыттарын дамыту екі тарап үшін де табысты болмақ. Сөз соңында доктор Сайед Хусейн әл-Хабши Малайзияда әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша халықаралық конференция өткізуді ұсынды.
IIUM делегация құрамының ұсыныстарын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшысы қолдап, тараптар бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі