ҚазҰУ ректоры Эстония Республикасының елшісін қабылдады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Эстония Республикасының елшісі Яап Орамен кездесті.
Арнайы сапармен келген елшіге алғысын білдірген білім ордасының басшысы құрамында 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 140 ғылыми-зерттеу зертхана және 29 ғылыми орталық табысты жұмыс істейтін зерттеу университетінің қызметі туралы баяндады.
Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да университеттің әлеуметтік және ғылыми өміріне белсенді қатысатын әлемнің 40 елінен 4000-нан астам шетелдік студент білім алады. Сондай-ақ қазіргі күнде университет 60 қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда және жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. ЖОО базасында МИФИ ҰЯЗУ (Ресей) және Солтүстік-батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалы жұмыс істейді. ҚазҰУ-дың Ыстамбұл (Түркия) және Бішкек (Қырғызстан) қалаларында филиалдары ашылып, табысты жұмыс істеуде. Алдағы уақытта Омбы мемлекеттік университетінің базасында (Ресей Федерациясы) ҚазҰУ филиалын ашу жоспарлануда.
Жоғары оқу орнының білім алушылары академиялық ұтқырлық бағдарламаларына ұдайы қатысады. Соңғы үш жылда бұл мүмкіндікті ТМД, Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Таяу Шығыс елдерінде 250-ден астам бакалавриат студенттері, 1500 магистрант, 750 PhD докторант пайдаланды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың екі докторанты 2020 жылы Таллинн университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті. 2019 оқу жылында университетке Эстониядан шақырылған профессор Питер Мюрсеп дәріс оқыды.
«Ғылым мен жоғары білім саласындағы серіктестікті дамыту маңызды қадам болып табылады. Эстония жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жандандыру және болашақта халықаралық конференциялар өткізуді, оқытушылар мен студент алмасуды, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруды қоса алғанда, ауқымды жобаларды іске асыру қажет», – деп атап өтті ректор Жансейіт Түймебаев.
Өз кезегінде Эстония Республикасының елшісі Яап Ора білім ордасы басшысының қабылдауына алғыс білдіріп, Эстонияда үздік университеттер жеткілікті екенін атап өтті. Эстония университеттерімен байланыс орнату екі тарап үшін де үлкен әлеуетке ие болмақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі