Хунань педагогикалық университетімен келісім
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Хунань педагогикалық университетінің делегация құрамы арнайы сапармен келді. Сапар аясында тараптар өзара тиімді серіктестікті бекіткен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Делегацияны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қарсы алды. Ол ҚазҰУ ҚХР-дың 64 жоғары оқу орнымен өзара байланыста және оның шеңберінде ғылым мен білім беру саласындағы түрлі бірлескен жобалар іске асырылатынын атап өтті. 2002 жылы ҚазҰУ Ланьчжоу университетімен бірлесіп Қытай тілі орталығын ашты. Аталған орталық 2007 жылы Білім және ғылым министрлігінің шешімімен Конфуций институты болып өзгертілді. ҚазҰУ жанындағы Конфуций институты Қазақ ұлттық университеті мен Ланчжоу университетінің көпжылғы ынтымақтастығы мен бірлескен күш-жігерінің нәтижесі. Осы аралықта көптеген оқу құралдары басып шығарылып, 3000-нан астам студент қытай тілін меңгерді.
Өз сөзінде Еркін Ерманұлы делегация құрамының университет қызметіне қызығушылық танытқанына алғыс білдіріп, Хунань педагогикалық университетімен ынтымақтастық қос елдің жоғары оқу орындары мен ғылымның дамуына пайдасы мол әрі келешегі зор боларына тоқталды.
Хунань педагогикалық университетінің вице-президенті Лю Хуайдэ Хунань провинциясы үкіметі мен Қытайдың білім министрлігі қаржыландыратын университет жайлы айтты. Университет ҚХР-дың Топ-100 ЖОО арасында 5-орынға ие және Nature Index (2023) нұсқасы бойынша жаратылыстану ғылымдарындағы ғылыми жарияланымдардың сапасы бойынша Топ-350 университеттің қатарына кіреді.
Өз сөзінде Лю Хуайдэ келісім аясында жүзеге асыруға жоспарланған бірқатар ұсыныстар айтты. Кездесу ғылым мен білім саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындаған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою салтанатты рәсімімен аяқталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі