- Басты бет
- Жаңалықтар
- ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ ОРТАЛЫҚ ЕУРАЗИЯДАҒЫ КОРЕЙТАНУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ГРАН-ПРИ ЖЕҢІП АЛДЫ
ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ ОРТАЛЫҚ ЕУРАЗИЯДАҒЫ КОРЕЙТАНУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДА ГРАН-ПРИ ЖЕҢІП АЛДЫ
2024 жылғы 17-18 қазанда Стамбул университетінде (Түркия) корейтану бойынша өткізілген III Халықаралық олимпиада Қиыр Шығыс кафедрасының II курс магистранты Назерке Мұратханқызы Гран-при алды. PhD, доцент м.а. Әйгерім Ермекқызы Белялованың жетекшілігімен Назерке «Корей мемлекеттік мекемелері мен олармен байланысты ұйымдардың статистикалық деректерін пайдалану әдістері: Қазақстандағы корей автокөлік өнеркәсібі мысалында» тақырыбында өз жобасын ұсынып, баяндама жасады.
Өз сұхбатында Назерке: «корейтану бойынша академиялық олимпиада маған ерекше әсер қалдырды. Бұл мені корей мәдениеті мен тілін тереңірек зерттеуге шабыттандырады. Олимпиада барысында басқа қатысушылармен және оқытушылармен араласу - менің ой-өрісімді кеңейтіп, жақсы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Біздің кафедра мен факультетке көмек пен қолдау көрсеткені үшін үлкен алғысымды білдіремін», -деп атап көрсетті.
Стамбул университетінде корейтану бойынша олимпиада соңғы үш жыл бойы өткізіліп келеді. Биылғы жылы бұл халықаралық олимпиадаға Әзербайжан, Украина, Словения, Түркия, Қазақстан және Оңтүстік Корея студенттері қатысып, өз университеттерінде бірінші турда іріктеуден өтті. Қазылар алқасына Оңтүстік Корея, Иордания, Словения және Түркиядан профессорлары шақырылды.
Аталмыш олимпиадамен бір уақытта корейтану бойынша VII Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы да өтіп, онда түрлі елдердің ғалымдары баяндама жасады. Өткен оқу жылында Қиыр Шығыс кафедрасының магистранты Қожахметова Жәния да осы олимпиадада Гран-при алды, бұл Қиыр Шығыс кафедрасының студенттерін даярлаудың жоғары деңгейін көрсетеді. Назерке Мұратханқызының бұл жетістігі студенттердің жоғары білім деңгейін тағы да растады және барлық корейтанушы қатысушылар үшін шабыттандыратын үлгі болды.