Студенттерге арналған патриоттық кездесу

23 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ҚР мәдениет қайраткері, ақын, әйгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған автор Алмас Ахметбекұлымен кездесу өтті.

Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға журналистика факультетінің профессор-оқытушылар құрамы, білім алушы жастар мен белсенді студенттер қатысты.

Жүздесуде ақын Алмас Ахметбекұлы жиналғандарды Республика күнімен құттықтады. Спикер өз сөзінде бұл маңызды мереке халқымыздың рухын көтеріп, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттырады деп атап өтті. Сонымен қатар ақын еліміздің барлық азаматы үшін патриоттық әнге айналған «Көк тудың желбірегені» әнінің шығу тарихына тоқталды.

«Мен Шыңжаңда дүниеге келдім. Тәуелсіздік алғаннан кейін туған жеріме қайтып келе жатып, көк туымызды алғаш көрген сәтім есімде. Көк аспанымызда желбіреп тұрған туды көргенде жүрегім елжіреп кетті. Мен бұл сезімім мен ойымды қағаз бетіне түсірдім. Сөйтіп, «Көк тудың желбірегені» өлеңі жазылды. Кейін әннің әуенін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сазгер, әнші Ермұрат Зейіпхан жазды. Алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін әнші, отандық опера жұлдызы Майра Мұхамедқызы орындап шықты. Қазір Ибрагим Ескендір нақышына келтіріп орындап жүр», – деді ақын.

Алмас Ахметбекұлы – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар талантты ақын. 1961 жылы Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген. 1982 жылы Іле педагогикалық институтының филология факультетін тамамдаған. 1982-92 жылдар аралығында Шәуешек қаласында шығатын «Тарбағатай» әдеби журналының редакторы болып қызмет атқарып, 1993 жылы тарихи Отанына оралды. Қоғам қайраткері, ШҚО Тарбағатай ауданының құрметті азаматы Алмас Ахметбекұлы бірнеше жыр жинағының авторы. Ақын өлеңдерінің басым бөлігі патриоттық тақырыпта жазылған.

Жиында ақынның өлеңдері оқылып, патриоттық әндер шырқалды. Студент жастар спикерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, рухани ой алмастырды.

Кездесу соңында студенттер «Көк тудың желбірегені» әнін ақынмен бірге шырқап, естелік фотосуретке түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі