Ақпараттық технологиялардың өзекті мәселелері талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығына және академик Шалтай Смағұловтың 75 жылдығына арналған Computational and Information Technologies in Science, Engineering and Education (CITech-2024) конференциясы өтуде.
Ауқымды жиынға қазақстандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, университет басшылығы, профессор-оқытушылар, білім алушы жастар қатысты.
Конференцияны ҚР ҰҒА және ҰИА академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академияларының президенті Бақытжан Жұмағұлов ашып, екі маңызды датаға орайластырылған ғылыми форумның маңыздылығын атап өтті. Ол көрнекті ғалым, есептеу математикасы және дифференциалдық теңдеулер теориясы саласындағы ірі маман, 200-ден астам жұмыстың авторы, оның ішінде есептеу және қолданбалы математиканың ең өзекті мәселелері бойынша сегіз монографияның авторы Шалтай Смағұловтың жетістіктеріне тоқталды.
Конференция ашылуында ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзі оқылды. Министр өз хатында жиынға қатысушы ғалымдарға табыс тілеп, академик Шалтай Смағұловтың отандық ғылымды дамытудағы ерекше рөлін атап өтті.
Басқарма Төрағасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзін Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов оқыды. «Шалтай Смағұлұлы – көрнекті ғалым, педагог және ғылымды ұйымдастырушы. Оның есептеу математикасы мен математикалық модельдеудің дамуына қосқан үлесі шынымен де баға жетпес. Ол ғылыми мектеп құрды, Навье-Стокс теңдеулерін шешудің сандық әдістерін жасады. Бүгінгі конференция ғылым мен техниканың соңғы жетістіктерін талқылап қана қоймай, Шалтай Смағұлұлының өнегелі өмірін еске алып, кейінгі буын жастарға үлгі ету», – делінген хатта.
Пленарлық отырыста физика-математика ғылымдарының докторы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Петр Вабищев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик Мұхтарбай Өтелбаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының (ҰИА) академигі Айдархан Қалтаев, В.М.Матросов атындағы Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімінің жүйелер динамикасы және басқару теориясы институтының директоры, РҒА академигі Игорь Бычков және басқалар сөз сөйледі.
Конференция панельдік сессиялар аясында жалғасады, оның барысында ғалымдар ғылым, техника және білім берудегі есептеу және ақпараттық технологиялардың өзекті мәселелерін талқылайды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі