Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным!» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынды заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырды.
Жастар арасында патриоттық рух, ұлттық бірлік пен ел тарихына деген құрметті арттыруға бағытталған шараға оқытушылармен қатар, студент жастар қатысты.
Барша қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтаған ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов: «Республика күні – еліміз үшін маңызды тарихи оқиға. 2022 жылдың 16 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтару ұсынысымен қайта оралған болатын. Осылайша бұл – тәуелсіздігіміздің негізі қаланған, еліміздің болашағы айқындалған ұлы мереке», – деп атап өтті.
Сонымен қатар заң ғылымының докторы, профессор Мұсабек Әлімбеков, заң факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, доцент Уәлихан Ахатов, Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымының докторы, профессор Гүлдана Қуаналиева құттықтау сөз сөйлеп, жастарды өз елінің патриоты болуға шақырды.
«Еліміздің ұлы даласында әр заманда жаужүрек батырлар мен мемлекет қайраткерлері өмір сүрді. Олардың әрқайсысы еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін қажымас қайрат көрсетті. Қазақстанның егемендікке қол жеткізу жолы – әрбір қазақтың жадында мәңгілік сақталатын тарихи кезең. Бүгін біз, болашақ ұрпақ, сол тарихи күндерді еске алудамыз», – дейді география және табиғатты пайдалану факультетінің 2-курс магистранты Дана Болыс.
Ұлттық, мәдени құндылықтарды насихаттауға арналған мерекелік шара аясында қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары ән шырқап, қатысушыларға заң факультеті студенттерінің ұйымдастырған концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі