«Гүлістан» үйірмесі «Сапалы білім беру» ТДМ аясында жатақханада шара өткізді

24 қазан, 2024

2024 жылдың 22 қазанында шығыстану факультетінің студенттер жатақханасында Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы "Гүлістан" үйірмесінің жетекшісі Г.Қ. Құдайбергенованың ұйымдастыруымен мәдени шара өткізілді. Ирантану бөлімінің студенттеріне факультетіміздің түлегі, ирантанушы, дипломат, ақын Дәуірбек Дүйсенбайдың "Саңылауға түскен нұр" кітабы таныстырылды. Алдымен студенттерге қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Дәуірбек Дүйсенбайдың өмірі мен шығармашылығы туралы  қысқаша мәлімет беріліп, өлеңдерінен үзінділер оқылды. Кейін Д.Дүйсебайдың Сағди Ширази, Омар Хайям, Рудаки сынды парсының классикалық ақындарынан аударған өлеңдері қарастырылып, түпнұсқа мен аударма арасында мағыналық үндестік талданды. Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы шығыстану факультеті ирантану бөлімінің 2000 жылғы түлегі. Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігінде басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты. Өлеңдері мен мақалалары үнемі республикалық басылымдар мен сайттарда жарық көріп тұрады. 2003-2004 жылдары алтыншы және жетінші «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты (үздік шығарма номинациясы) һәм лауреаты (ІІ орын) болды. 2004 жылы «Сағынып жүрмін» атты жыр жинағы, 2013 жылы «Оянып кеткен ақ сәуле», 2021 жылы «Саңылауға түскен нұр» атты кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар, 2022 жылы «Жұпар» атты аудио жыр жинағы Тегеранда шығарылды. Іс-шара білім алушыларды ақынның шығармашылығымен таныстырып қана қоймай, жастарды рухани жағынан да байытты.