Бейжің технологиялар институтымен байланыс орнайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Бейжің технологиялар институтының (BIT) вице-президенті Ван Бенконгпен кездесу өткізді.
Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы жоспарларды пысықтады.
Кездесуде Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ Қытайдың 65 жоғары оқу орны және ғылыми ұйымдарымен серіктестік орнатып, тығыз қарым-қатынаста екенін атап өтті.
«Біз үшін технология саласын дамыту өте маңызды. Сондықтан біз жаңа жобалар мен бастамаларға дайынбыз және әрқашан ашықпыз», – деді ректор.
Өз кезегінде Бейжің технологиялар институтының вице-президенті әріптестікті арттыру мақсатында негізгі үш бағытқа тоқталды.
«BIT 1940 жылы Яньанда құрылды, ал 1949 жылы Бейжің қаласына көшірілді. Бүгінгі таңда институтта 33 мың студент оқиды. Оның ішінде 3 мыңнан астамы шетелден келген жастар. Сондай-ақ Қазақстаннан келіп, білім алып жатқан студенттер көп. Бейжің технологиялар институты Қытайдағы үздік он университеттің қатарына кіреді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде университет 302-орын алады. Біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен технология саласындағы қатынастарды жандандыруға ниеттіміз. Сонымен қатар алдағы уақытта академиялық ұтқырлық бағдарламасын жүзеге асырғымыз келеді», – деді Ван Бенконг.
Кездесу соңында тараптар келіссөз барысында айтылған жобаларды бірлесіп атқаруға уағдаласып, әріптестікті жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі