ҚазҰУ жатақхана салу туралы келісімге қол қойды

24 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Юань Чжень» компаниясымен және «Kenzhe holding» ЖШС-мен әлеуметтік нысандар салу туралы келісімге қол қойды. Меморандум негізінде аталған компаниялар ҚазҰУ қалашығында 3 жатақхана салады.

Келісімге оқу ордасының Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың Қытайдағы «Юань Чжень» компаниясы мен «Kenzhe holding» ЖШС басшылығымен кездесуінде  қол жеткізілді.

Жүздесуде университет ректоры құрметті қонақтарға ЖОО-ның жетістіктері туралы айтып, университетті дамыту жоспарын таныстырды.

«Университет Қытай ЖОО-ларымен тығыз жұмыс істейді. Мәселен, Қытай университетінің филиалы алғаш рет ҚазҰУ базасында ашылды. Сонымен қатар алдағы уақытта қытайлық университетпен бірлесіп ғарышқа наноспутник ұшыруды көздеп отырмыз.  ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жұмыстары бастау алды. Жаңа жоба бойынша қалашықта жатақханалар, оқу корпустары, технопарк, медициналық орталық салынбақ. Қазіргі таңда үш жатақхана мен үш оқу корпусының құрылысы басталды», – деді ректор.

Өз кезегінде компания өкілдері ілтипат білдіргені үшін оқу ордасының басшылығына ризашылықтарын жеткізді. Құрметті меймандар холдинг туралы ақпаратпен бөлісіп, бүгінге дейін жеткен жетістігіне тоқталды.

 

Кездесу соңында тараптар келісім аясында бірлескен жұмыс тобын құруға және болашақтағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі