«Кедендік бақылау: нысандары мен ерекшеліктері» атты тақырыпта ғылыми семинар өткізілді

21 қазан, 2024

БҰҰ ТДМ-4 шеңберінде 21.10.2024 жылы әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті, заң ғылымдарының кандидаты Қуандықов Қалдарбек Жүнісбайұлы 1 курс, 122 тобының студенттерімен 25 – қазан Республика күніне орай «Кедендік бақылау: нысандары мен ерекшеліктері» атты тақырыпта ғылыми семинар өткізді. Кедендік бақылау – Еуразиялық экономикалық одақ пен Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге және тексеруге бағытталған, кеден органдары жүзеге асыратын шаралар мен әрекеттер жиынтығы. 
Кедендік бақылаудың негізгі мақсаты әртүрлі тексерулердің көмегімен кедендік – құқықтық қатынастарға қатысушылар жүргізетін кеден ісі саласындағы операциялар мен іс – әрекеттердің кеден заңнамасы талаптарына сәйкестігін анықтау, сондай-ақ кеден ісі саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және олардың алдын алу болып табылады. Кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және кедендік бақылауды қамтамасыз ететін шаралардың таңдалуы принципіне сүйенеді және негізге алады. Кедендік бақылау объектілерін, кедендік бақылау нысандарын және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ететін шараларды таңдау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылады. Бұл дегеніміз, электрондық жүйе кедендік бақылау объектісін және кедендік бақылау нысанын өз бетінше анықтайды. Ғылыми семинар барысында студенттер өздерінің ойларымен және пікірлерімен бөлісті.