Көне түркі әдебиетіне үңілу

29 қазан, 2024

2024 жылы, 29 қазан күні Филология факультетінің 303-ші аудиториясында Түркітану мамандығының 3 курс студенттері «Алғашқы түркі жазушылары. Білге Тоныкөк, Йоллығ Тегін» тақырыптары бойынша ашық семинар өткізді. Көне түркі әдебиеті пәні аясында өткен бұл ерекше сабақты аға оқытушы Дәулет Айгүл жүргізді. Сабақтың мақсаты – түркі жазба мәдениетінің бастауларына терең үңіліп, алғашқы түркі жазушылары қалдырған құнды мұраларды талдау.

Семинарда жазба ескерткіштері тақырыбын алғашқы түркі жазушыларымен сабақтастыра отырып, студенттерді тарихи мәтіндерді сараптауға, мәдени мұраларды дәріптеуге, бойларына сіңіруге шақырды. Білге Тоныкөк пен Йоллығ Тегіннің шығармаларының тілдік ерекшеліктері мен тарихи маңызы ерекше талқыланды. Семинарда студенттер топтық жұмыс барысында өз ойларын ортаға салып, көне мәтіндердің әрбір таңбасына мән беріп, сұрақтарға жауап іздеді. Жазбалардың тарихи және мәдени мұра ретіндегі маңыздылығы ашылып, олардың заманауи түркі әдебиеті мен мәдениетіне әсері жайлы терең түсінік қалыптасты.

Сабақ барысында білім алушылар көне түркі әдебиетінің байлығын тереңірек түсініп қана қоймай, оны бүгінгі замандағы тілтану ғылымымен сабақтастыруды үйренді. Презентациялар дайындалып, талқылау сұрақтары ортаға қойылып, бейнематериалдар арқылы тарихи деректерге жаңаша көзқарас қалыптасты. Ашық семинар, осылайша, студенттерге көне мұраларға құрметпен қарауға, әрі сол мұраларды жаңаша көзқараспен бағалауға мүмкіндік берді.

Ежелгі түркі әдебиетін зерттеу арқылы студенттер өз болашағына жаңа жол ашып, түркі халқының мәдениетіне деген қызығушылықтарын одан әрі арттыра түсті.

Ұйымдастырған: Түркітану және тіл теориясы кафедрасы, доцент м.а. Бүркітабаева Ш., аға оқытушы Дәулет А.У..