ҚазҰУ ғалымдары XXII Менделеев съезіне қатысты

29 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары жалпы және қолданбалы химия саласы бойынша XXII Менделеев съезіне қатысты.

ХХ ғасырдың басынан бері өтетін съезд химия саласындағы жаңа жетістіктерді талқылау мен білім алмасу алаңына айналған. Менделеев съезі әлемнің түкпір-түкпірінен үздік ғалымдардың басып қосып, химия ғылымының дамуына және оны әртүрлі салаларда қолдануға тікелей әсер етеді. Биыл ауқымды шараға 4000-ға жуық маман, оның ішінде 39 елден 200-ден астам халықаралық сарапшы қатысты.

Аталған шара екі маңызды мерейтой – ұлы химик Дмитрий Иванович Менделеевтің туғанына 190 жыл және Ресей ғылым академиясының 300 жылдығына орай ұйымдастырылды. Съезд жетекші ғалымдар, академиктер, білім беру және ғылыми мекемелердің өкілдері мен өнеркәсіп өкілдерін жинады.

Қазақстаннан съезге ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының профессоры, техника ғылымдарының докторы Ажар Баешова және ҚР ҰҒА академигі, химия ғылымының докторы, профессор Әбдуәли Баешов қатысты.

Профессор Ажар Баешова «Титан (IV) иондарының қатысуымен пайдаланылған ерітінділер мен ағынды сулардан селенат иондарының каталитикалық тотықсыздануы» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қатысты «Жауапты өндіріс және тұтыну» сынды маңызды мәселелерді қамтыды. Ғалым өз баяндамасында әдетте қоқысқа тасталатын, біржола жоғалатын құнды элемент – селенді – көпкомпонентті пайдаланылған ерітінділер мен ағынды сулардан селективті алудың жаңа әдістерін ұсынды.

Шара соңы химия ғылымының одан әрі даму келешегін белгілеген академик Ю.А.Золотовтың қорытынды баяндамасымен аяқталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі