ҚазҰУ журналы Scopus базасына енгізілді

29 қазан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың International Journal of Biology and Chemistry журналы әлемдегі ең беделді ғылыми базалардың бірі – Scopus-қа енгізілді.

Бұл жетістік журналдың жоғары сапасын, ғылыми зерттеулердің деңгейін және халықаралық қоғамдастықта танылуының айғағы. Scopus базасына кіру журналдың ғылыми мақалаларын жаһандық аренада ұсынуға және әлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікте маңызды орын алуға мүмкіндік береді.

International Journal of Biology and Chemistry журналын Scopus базасына енгізу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу және білім беру қызметінің беделін көтереді және қазақстандық ғылымның халықаралық алаңда лайықты бағаланғанын растайды. Аталған жетістік авторлардың, редакция алқасының және рецензенттердің қажырлы еңбегінің, кәсібилігінің әрі сапалы зерттеулерінің нәтижесі. Әрбір мақала қатаң іріктеуден және сапалы шолудан өтті. Бұл журналдың сапа стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз етті.

Журналдың халықаралық танылуы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерге қызығушылықты арттырады. Журналдың мақсаты – ғылымның заманауи талаптарына сәйкес келетін жоғары сапалы зерттеулерді жариялау және жас зерттеушілерге өз жетістіктерін әлемдік деңгейде жария етуге мүмкіндік беру.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 25 ғылыми журнал бар. Бұған дейін Scopus базасына үш журнал енген. Олар: International Journal of Mathematics and Physics, Physical Sciences and Technology және «ҚазҰУ Хабаршысы. Математика, механика, информатика сериясы». Ал International Journal of Biology and Chemistry журналы осы базаға енген төртінші журнал болды.

«Туваның жаңа зерттеулері» журналының бірлескен басылымына ҚазҰУ-мен жақында қол қойылған келісімшарт Scopus базасында да индекстелетінін атап өткен жөн.

Ғалымдарды аталған журналдарда мақала жариялауға шақырамыз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі