«Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан егемендігін нығайтудың басты бағыттарының бірі»

30 қазан, 2024

2024 ж. 30 қазанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, заң факультетінде Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының оқытушылары з.ғ.к., доцент Н.Қ.Мынбатырова, з.ғ.к., доцент А.Қ.Исабеков және з.ғ.д., доцент Д.М.Баймаханованың ұйымдастыруымен ТДМ-17 «Тұрақты даму мүдделеріндегі әріптестіктер» аясында «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан егемендігін нығайтудың басты бағыттарының бірі» тақырыбында көшбасшылық дәріс өтті. 

Дәрісті Ұлттық Қауіпсіздік комитеті қызметінің ардагері, полковник Бабишев Асқар Сапарханұлы жүргізді. Спикер өз сөзінде еліміздің егемендігін нығайтудағы, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі ұлттық қауіпсіздіктің маңызын атап көрсетті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті жалпы қауіпсіздік жүйесінің негізгі буыны ретінде қазіргі заманғы үрдістер мен тәуекелдердің теріс әсерін алдын-ала анықтап, оның жолын кесетін мемлекеттік орган болып табылады. Бұл - киберкеңістіктегі қауіптер, биологиялық қауіпсіздік, трансшекаралық қылмыстық қауымдастықтың әрекеттері, халықаралық терроризм және т.б. Елдің өмірлік маңызды мүдделерін қорғай отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұлттық қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігіне айналып, егемен Қазақстанның тұрақты дамуына зор үлес қосуда.

Студенттер дәрісті үлкен қызығушылықпен тыңдады. Кездесу соңында студенттер спикерге сұрақтар қойып, оған жауап алды.