QS пре-саммитіне қатысушылар «Farabi Hub» орталығымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен QS Higher Education: Asia Pacific 2024 пре-саммитіне қатысушылар «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығымен танысты.
Құрметті қонақтардың қатарында QS Quacquarelli Symonds сараптама агенттігінің коммерциялық бас директоры Джейсон Ньюман, ЕАЭО елдеріндегі клиенттермен серіктестік жөніндегі және QS Жаһандық үкіметіндегі аймақтық директоры Сергей Христолюбов, 150 мемлекеттен келген 350-ге жуық ЖОО ректорлары, халықаралық сарапшылар және қазақстандық жоғары білім басшылары бар.
Келушілерге жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасы таныстырылды. Бүгінде білім ордасы құны 32 млрд теңгені құрайтын 400-ге жуық жобаны жүзеге асыруда. «Farabi Hub» орталығында ҚазҰУ базасындағы ғылыми зертханалар мен орталықтар, шетелдік компаниялардың филиалдары, ҒЗИ орналасқан.
Пре-саммитке қатысушыларға Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығының ғалымдары жүргізіп жатқан жұмыстардың нәтижесі баяндалды. Сондай-ақ сот сараптамалары орталығының, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институтының және Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасының ғылыми ізденістері туралы ақпарат берілді.
Құрметті меймандарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ZTE, BASF, Binlin компанияларымен ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалары таныстырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі