Жастардың құндылық бағдарлары талқыланды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына және ғалым, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Айдарбеков Зейнәбіл Смайлханұлының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Цифрландыру ғасырындағы жастардың идеялық-құндылық бағдарлары: ерекшелігі, басымдықтары және тұлғаның әлеуметтенуіне әсері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Шараны философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы, Әл-Фараби орталығы, Түрік халықтары философиялық қоғамының қазақ комитеті, Жібек жолы университеттерінің қауымдастығы бірлесе өткізді.
Жиынның мақсаты – қазіргі қоғамның трансформациясы мен динамикасы аясында жастардың негізгі дүниетанымдық бағдарларын қалыптастыру.
Конференция барысында қазіргі өркениеттің құндылықтық дағдарысы, оның Түркістанға әсері және одан арылу шарттары, қайнар көзі, негізгі салдары және ықтималды даму көкжиегі, дүниетанымдық бағдарлар дағдарысы және қазіргі әлемдегі жастарды зерттеу мәселелері қаралды. Сондай-ақ дүниетаным, әдіснама, тәжірибе, ХХІ ғасырдың жаһандық сын-талаптары, ондағы қоғамның әлеуметтік дамуын қайта құрудың философиялық, мәдени-тарихи, құқықтық және саяси мәселелер мен білім берудегі цифрландыру, цифрлық технологиялар әлеміндегі жастар бағыттары да қамтылды.
Шараға ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Министр еліміздегі және әлемдегі ғылым мен білім саласындағы жаңашылдықтарды атап, оқытушының, ғалымның рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол мерейтой иесін құттықтап, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісімен марапаттады.
Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. «Сіздің біліміңіз бен білігіңіз Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ халықаралық деңгейде мойындалды. Атап айтқанда еңбегіңізді Мәскеу, Моңғолия, Бейжің университеттері де жоғары деңгейде бағалады. Осы елдердің оқу орындарының ғылыми қауымдастығы «ғылымның құрметті профессоры» мәртебесін беруі де ерен еңбегіңіздің көрінісі», – делінген хатта.
Конференцияға Қонаев университетінің президенті, заң ғылымының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири, Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі декан орынбасары, PhD, доцент Лочин Тұрсынов, философия ғылымының кандидаты, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің доценті Чолпон Сааданбекова, ҚР ҒжБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры, философия ғылымының докторы, профессор Серік Нұрмұратов және басқа да белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Форум аясында ғалымдардың ғылыми баяндамалары мен зерттеулерінің жинағы жарық көреді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

