Рекреациялық география және туризм кафедрасының студенттері «Talent for BIZ» мансап жәрмеңкесіне қатысты

4 қараша, 2024

2024 жылдың 2 қарашасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ рекреациялық география және туризм кафедрасының студенттері InterContinental Almaty қонақ үйінде өткізілген Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің Адам ресурстары бөлімі ұйымдастырған «Talent for BIZ» іс-шарасына қатысты. Іс-шара мансап құруға және Түркиядағы жұмыс мүмкіндіктері туралы көбірек білгісі келетін жас мамандар мен студенттердің басын қосты. Іс-шара бизнес және туризм саласында тәжірибе алмасу және пайдалы байланыс орнату алаңына айналды.

«Talent for BIZ» аясында студенттер жетекші компаниялардың өкілдерімен тіл табысып, еңбек нарығындағы заманауи талаптармен танысып, шеберлік сабақтары мен тренингтерге қатыса алды. Іс-шара қатысушыларға бүгінгі таңда қандай дағдылар мен құзыреттер сұранысқа ие екенін жақсы түсінуге көмектесті, сонымен қатар, туризм және демалыс индустриясында кәсіби өсу перспективаларын кеңейтті.

«Talent for BIZ» сияқты іс-шараларға қатысу студенттерге тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетін негізгі дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, лайықты жұмыспен қамту және экономикалық өсу (ТДМ 8) және сапалы білім мен дағдыларды дамыту (4 ТДМ) мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің осындай бастамаларға атсалысуы еліміздің тұрақты болашағына үлес қоса алатын жас мамандарды дайындауға септігін тигізеді.