«Информатика және қолданбалы математика» мәселелері талданды

6 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Информатика және қолданбалы математика» тақырыбында IX халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында өткен шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Тұран университеті және Люблин техникалық университеті (Польша) бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Ресей, АҚШ, Финляндия, Италия, Германия т.б. 10-нан аса мемлекеттің өкілдері қатысты. Олар  информатика, басқару теориясы, жасанды интеллект және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер бойынша баяндамалар жасады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова құттықтау сөзінде халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен әлемдік ғылыми ортаға интеграцияның маңыздылығына тоқталды. Конференция барысында төрт секциялық отырыс ұйымдастырылып, онда жетекші ғалымдар, оқытушылар мен жас зерттеушілер өз әзірлемелерін таныстырып, ақпараттық және есептеу технологиялары саласындағы даму перспективаларын талқылады.

Конференцияда білім алмасуға және ақпараттық технологиялар саласындағы заманауи сын-қатерлерге бірлескен шешімдерді әзірлеуге ықпал еткен пленарлық баяндамалар, секциялық отырыстар мен пікірталастар болды.

Қатысушылар қолданбалы математика мен информатиканың, жасанды интеллект пен машиналық оқытудың заманауи технологияларының, ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғаудың, сондай-ақ білім берудегі геоақпараттық жүйелер мен инновациялық технологиялардың өзекті мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі