«Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар»

8 қараша, 2024

08.11.2024 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы кафедрасының доценті, з.ғ.к. Мынбатырова Н.Қ., PhD докторы, аға оқытушы Сәбитова А.С., з.ғ.м., аға оқытушы Тәуекелов Н.Б. 16-шы тұрақты даму мақсаты «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бейіндік мектебінің 11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді.  

Іс-шараның мақсаты – оқушы жастарды «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» 16-шы тұрақты даму мақсатымен, оның міндеттерімен, негізгі индикаторларымен таныстыру, оны жүзеге асырудың маңызын түсіндіру.

Спикерлер қазіргі таңда елімізде орнықты даму мүддесі үшін бейбіт және ашық қоғам құруға жәрдемдесудің, әділ сот төрелігіне қол жеткізуді қамтамасыз етудің, сондай-ақ барлық деңгейлерде тиімді, есеп беретін және кеңінен қатысуға негізделген мекемелер құрудың аса қажеттілігін, маңызын атап өтті. Әділ және ашық қоғамды қалыптастыруға атсалысу үшін оқушы жастар өз құқықтары туралы көбірек біліп және оларды пайдалануы тиіс. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа және билікті асыра пайдалануға қарсы тұруы керек. Сондай-ақ адамдарға көмектесетін ұйымдарға қолдау көрсетіп, әділдік пен бейбітшілікті қорғау жағында болуы керек.

Кездесуге қатысқан оқушы жастар спикерлерге өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оған тұшымды жауаптар алды.