Ғалымдар қазақ әдеби тілінің тарихын талқылады

8 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессор, академик Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздықтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Қазақ әдеби тілі және нормалардың қалыптануы: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Ғылыми жиынға Жапония, Ресей, Якутия, Башқұртстан, Түркия және басқа да шетелдік ғалымдар мен ҚазҰУ оқытушы-профессорлар құрамы және білім алушы жастар қатысты.

Жиында сөз алған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алтай Қазмағамбетов: «Рәбиға Сыздық – өзінің саналы ғұмырын төл тілімізді тереңінен зерттеп, оның орфографиясы мен орфоэпиясына көптеген кітап арнаған ұлы тұлға. Қазақ тіл ғылымының көрнекті өкілі, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Рәбиға Сыздықтың қазақ әдеби тілінің дамуына қосқан үлесі бүгінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қала береді», – деді проректор.

Өз кезегінде Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков: «Түркітанушы ғалымның еңбектерінде рухани, ұлттық құндылықтар маңызды орын алады. Оған дәлел ретінде академиктің А.Байтұрсыновтың шығармашылылық мұрасына арналған алғашқы еңбегін ерекше атауға болады. Сол тұста зиялы қауым санасында кеңестік заманның үрейі басым тұрған тұста Алаш зиялысының шығармашылығын зерттеу ерлікпен пара-пар», – деді ректор.

Академик жазушы Мұхтар Әуезовтен бата алған ғалым Рәбиға Сыздық қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіліне қатысы бар ортағасырлық жазба ескерткіштердің тілі, тарихи лексикология, лингвистикалық стилистика, мәтінтану, психолингвистика, тіл мәдениеті, тілдік нормалардың қалыптануы және басқа да салалар бойынша ғылыми еңбектердің авторы. Қазақ әдеби тілінің тарихына ерекше мән берген ғалым XV-XIХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың тілін, қазақ тіліне қатысты ортағасырлық жазба ескерткіштердің тілін зерттеп, «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі»  сынды монографиялар жариялаған.  

Рәбига Сыздық – ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор, түркітанушы ғалым, «Turk dil korumi» қоғамының корреспондент-мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің лауреаты.

Ғылыми жиында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев, Нигде Өмер Халисдемир университетi гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті, Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының доценті, доктор Эсра Явуз Аджар және басқа да ғалымдар ғибратты ғалым жайлы баяндама жасап, қазіргі қазақ әдеби тілінің тарихы, қазақ тіл біліміндегі жаңа бағыттар мен түркітану мәселелерін жан-жақты талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі