Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да мектеп мамандарына арналған кәсіби бағдар күні өтті

16 мамыр, 2024

2024 жылдың 16 мамырында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қайырымдылық қорының «Ұстаз Ұлытау» педагогикалық трансформация орталығының «Кәсіби бағдар» жобасына қатысушы мектеп мамандарының делегациясын құшақ жая қарсы алды.

Қонақтарға университеттің заманауи инфрақұрылымы мен оқу зертханаларымен танысу, сондай-ақ оқытушылар және кафедра меңгерушілерімен кездесу секілді экскурсиялардан тұратын мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Іс-шара барысында университет өкілдері білім беру қызметінің негізгі бағыттарын және ҚазҰУ абитуриенттеріне қолжетімді келешегі мол білім беру бағдарламаларын таныстырды. Еңбек нарығының заманауи талаптарына жауап беретін және мансаптық өсуге кең мүмкіндіктер ашатын бағдарламаларға ерекше назар аударылды.

«Кәсіби бағдар» жобасы оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауға қолдау көрсетуге бағытталған, және осындай іс-шараларға қатысу мамандарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындары ұсынатын білім беру мүмкіндіктері мен даярлау бағыттарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.