ҚазҰУ студенттері НАТО мини моделін өткізді
2015 жылдың 13 қарашасында ҚазҰУ жанындағы НАТО ресурстық және ақпараттық орталығы, НАТО бұқаралық дипломатия департаментінің қолдауымен бесінші жыл сайынғы республикалық студентаралық НАТО мини-моделін өткізді. Осы жылғы ойынның тақырыбы ретінде: «НАТО мен Орталық Азия елдерінің халықаралық лаңкестікке қарсы күрес бойынша ынтымақтастығы» мәселесі алынды. Мини-модельдің мақсаты – халықаралық лаңкестікпен күресте жаңа механизмдер мен әдіс-тәсілдерді іздену бойынша НАТО-ға мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің ұстанымдарын тану мен түсіну.
Мини-модель жұмысы НАТО ресурстық және ақпараттық орталығының директоры, профессор Қ. Байзакованың, халықаралық қатынастар факультетінің деканы К. Шакировтың және құрметті қонақтардың алғы сөздерінен басталды.
НАТО мини-моделінің құрметті қонақтары ретінде Пеэтер Миллер мырза, Қазақстандағы Эстония Елшісінің орынбасары (бұл елшілік қазіргі кезде НАТО-ның Қазақстандағы байланыс өкілдігі болып табылады), Дженифер Таскер ханым, Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің 2-хатшысы, Энгин Далоглу мырза, Түркияның Алматыдағы Бас консулдығының атташесі, полковник Руслан Жакупов, ҚР Қорғаныс министрлігі тұсындағы «Бейбітшілік үшін әріптестік» оқу орталығының бастығы, доктор Хемдан Ибрахем, Қазақстандағы Египет Елшілігінің мәдениет және білім беру істері бойынша атташесі қатысты.
НАТО Кеңесі мен НАТО әскери комитетінің қызметін көрсететін имитациялық ойын арқылы мини-модельге қатысушылар өздерінің ұсыныстарын алға тартып, ұзақ пікір-таластардың нәтижесінде декларация мен резолюция қабылдаған болатын. Аталған құжаттарда студенттер халықаралық лаңкестікке қарсы күрес бойынша бірқатар қызықты пікірлер мен ұсыныстар жасаған болатын. Сонымен қатар, студенттер аналитикалық ойлау, бұқара алдында сөз сөйлеу мен ымыраға жету және т.б. кәсіби дағдыларды дамытуға мүмкіндік алды.
НАТО мини-моделі барысында НАТО-ның Орталық Азиядағы байланыс офисінің басшысы Розария Пуглисимен бейне-конференция өткізілді.
Іскерлік ойын нәтижелері бойынша үздік командалар мен ойыншылар жүлделі орындарға ие болып, марапатталды.