Академиялық ынтымақтастық: Өзбекстан мен Қазақстан оқытушылары тәжірибе алмасуда

31 қазан, 2024

Білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығы артып келе жатқан заманда, өзара тәжірибе алмасу білім сапасын арттырып, студенттерге жаңа мүмкіндіктер ашады. Осындай мақсатпен, 2024 жылы 31-ші қазан күні Өзбекстан мемлекетінің Мукимий Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының өзбек тілі кафедрасы оқытушылары, Мамаджанова Муножатхон Нажмиддиновна, Ахмедова Хикматхон Турсуновна еліміздің тіл білімі пәнінен сабаққа қатысып, біздің мамандармен академиялық тәжірибе алмасты.

Сабаққа Мукимий Қоқан мемлекеттік педагогикалық институтының тіл білімі саласындағы білікті мамандары қатысып, оқыту әдістемелері мен академиялық бағыттар туралы өзара пікір бөлісті. Түркітану мамандығының 2 курс студенттері үшін бұл кездесу ерекше әсер қалдырды. Олар Өзбекстанның оқытушыларымен еркін пікір алмасып, тіл білімі саласындағы өзекті мәселелерді талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Қонақ институты оқытушылары түркітану және тіл теориясы кафедрасының оқытушысы Дәулет Айгүлдің сабағын жоғары деңгейде бағалап, біздің оқытушылардың кәсібилігін, студенттердің белсенділігі мен білім деңгейін ерекше атап өтті. Өз пікірлерінде олар Қазақстанның білім беру жүйесі мен тіл білімі саласындағы жетістіктерді жоғары бағалап, алдағы уақытта да осындай ынтымақтастық жалғасын табатынына сенім білдірді.

Бұл кездесу Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал ететін маңызды қадам болды. Осындай кездесулердің нәтижесінде екі жақтың студенттері мен оқытушылары өз білімдерін толықтырып, халықаралық тәжірибе жинақтай алады.

Ұйымдастырушы: түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы Дәулет Айгүл Уәлибайқызы