Ұшу қауіпсіздігін жақсарту мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да авиация саласындағы жетекші сарапшылар мен кәсіпқойларды біріктірген Safety Road Show халықаралық тәжірибелік семинары өтуде. Дәстүрлі жиынды ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультеті мен «Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering» ЖШС бірлесе ұйымдастырды.
Семинар Airbus Helicopters Kazakhstan Egineering (AHKE) тікұшақтарын пайдаланушылар арасындағы ұшу қауіпсіздігі мен өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға бағытталған. Басты мақсат ұшқыштар мен авиаинженерлерді даярлау бойынша техникалық қызмет көрсету ұйымдарында және авиациялық оқу орталықтарында ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Аталған жиынға «Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering» ЖШС өкілдері мен ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің оқытушылары мен студенттері және т.б. қатысуда.
Жиында сөз алған Жылуфизика және техникалық физика кафедрасының меңгерушісі, профессор Салтанат Бөлегенова: «Аталған жиын біздің болашақ физик мамандар үшін ғана емес, барша семинарға қатысушылар үшін маңызды болмақ. Себебі бүгінгі күнде ұшу қауіпсіздігін жақсарту әрқашан өзекті тақырып болып қала береді», – деді. Сондай-ақ жиында ұшу қауіпсіздігі саласындағы кәсіби жаттықтырушылар мен сарапшылар қауіпсіздік мәдениеті, Airbus тікұшақтарының күзгі-қысқы ұшу кезеңі жұмысының ерекшеліктерін қарастырды.
Спикерлер сондай-ақ ұқыпсыз ұшу, апаттық ұшу жағдайларына абайсызда ұшырасу, ТҚК кезінде анықталатын ақаулар, қателер, техникалық қызмет көрсету және техникалық қызмет көрсету бойынша ұйымды сертификаттау және тексеру кезіндегі сәйкессіздіктер мен құқық бұзушылықтарды талдады. Бүгінгі таңда Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering авиация саласындағы алуан түрлі миссияларды орындайды, тікұшақтарды мемлекеттік органдарға, жеке клиенттерге жеткізеді, Қазақстанда, өңірде де тікұшақ секторын дамытады. Бірінші кезекте кәсіпорын іздестіру-құтқару жұмыстарына, халыққа медициналық көмек көрсету және санитарлық-гигиеналық іс-шараларды жүзеге асыру, өртті сөндіру, орман қорын күзету және қорғау бойынша авиациялық жұмыстарға арналған тікұшақтардың ең тиімді үлгілерін ұсынуға ұмтылады.
Естеріңізге салсақ, 2024 жылдың 22 қазанында Eurocopter Kazakhstan Engineering өзінің Airbus Helicopters Kazakhstan Engineering болып ребрендингін жариялаған болатын. Бұл оқиға компанияның жоғары сапа стандарттары мен инновацияларға деген ұмтылысын және оны одан әрі дамуға дайындығын білдіреді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі