«САПАЛЫ БІЛІМ БЕРУ» ТДМ АЯСЫНДА ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ «ИҚБАЛ ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ
2024 жылғы 11 қараша күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінде Пәкістанның ұлы ақын, дана ойшылы, ХХ ғасырдағы ислам модернизмнің көрнекті өкілі Аллама Мухаммад Иқбалдың құрметіне орай «Иқбал оқулары» атты поэзия кеші ұйымдастырылды. Басты мақсаты – мәдени мұраны насихаттау, екі ел арасындағы достықты нығайту және студенттерді шығыс әдебиеті мен философиясын үйренуге баулу.
Іс-шараға қатысқан қонақтар құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шараға ұлы ойшыл Аллама Мухаммад Иқбалдың немересі сенатор Валид Иқбал мырза мен Иқбал Академиясының директоры доктор Абдул Икбал Рауф Рафики мырза студенттерге арнайы баяндама жасап ізгі тілектерін тіледі. Сонымен қатар, Пәкістанның астанасы Исламабадта орналасқан ИЫҰ-ның ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты ведомствоаралық комитетінің өкілі Доктор Муртаза Нұр мырзада өз сөзінде Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұжымы мен студенттеріне алғысын білдірді.
Шығыстану факультетінің деканы Ем Наталья Борисовна өз сөзінде «Аллама Икбалдың тұлғасы мен оның шығармалары Батыс пен Шығыстың әртүрлі елдеріндегі шығыстанушы ғалымдардың мұқият зерттеу нысанына айналды. Бүгінде оның еңбектерін зерделеу арқылы біз өмірдің қиындықтары мен мүмкіндіктерін түсінуге жаңаша ой түйеміз. Осындай шаралар екі ел арасындағы мәдениетті тығыз байланыстыруға, тың зерттеулерге шабыт беретініне сенімдіміз» деп атап өтті.
Урду тілі мен әдебиеті бөлімінің 1 курс студенттері Иқбалдың ойы мен философиясына тоқталып, өлең жырларын жырлады. Сондай-ақ Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік медицина университетінде білім алып жүрген пәкістандық студенттер де ат салысты. Иқбал өлеңдерін оқыған студенттеріне ПИР Қазақстандағы елшілігінің атынан сертификаттар мен сыйлықтар табысталды.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы
Исмагулова С. А.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушысы
Жарбосынова Н.Д.