«Тұрақты даму үшін серіктестік» ТДМ-ы аясында ресейлік танымал ғалым шығыстану факультетіне сапармен келді

15 қараша, 2024

2024 жылдың 14 қараша күні шығыстану факультетіне арнайы сапармен Ресейдің Сібір Федеральдық Университетінің профессоры, қытайтанушы-ғалым Дацышен Владимир Григорьевич келіп кетті. Ресейлік тарихшы Дацышен XIX-XX ғасырдың бірінші жартысындағы Ресей, Моңғолия, Қытай және Жапония арасындағы қарым-қатынастар тарихы, Оңтүстік Сібір халықтарының этникалық тарихы, қытайлықтар мен жапондықтардың Ресейге қоныс аударуы жөніндегі мәселелер бойынша танымал маман.

Университет басшылығымен болған ресми кездесуден кейін Владимир Григорьевич өзінің өтінішімен шығыстану факультетіне келіп, факультетіміздің ғалымдарымен кездесті. Ресейлік қонақты шығыстану факультеті деканының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Алипова Сая Болатханқызы мен Қытайтану кафедрасының меңгерушісі Керімбаев Ержан қарсы алды. Университет жанындағы Конфуций институтын аралап танысып, институт директоры Асылбеков Рақымжанмен кездесті. Шығыстану факультетін аралап кафедралардың жұмысымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Профессор Дацышен сонымен қатар «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқаметханұлымен жолығып, қазіргі қытайтану ғылымындағы өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты.  Одан бөлек, ғалым «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығының  директоры Шадкам Зубайдамен кездесіп, ғылыми пікір-таласты қыздырды. Факультет ғалымдары мен ресейлік профессор ғылыми байланысты жандандыру мәселесін талқылап, болашақта тығыз қарым-қатынас орнатуға келісті.