Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығы аясында заң ғылымының докторы, профессор Қалауша Әділханұлы Бегалиевті еске алуға арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның ашылуында ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, ғалым және педагог, белгілі заңгер, прокурор, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Қалауша Әділханұлының заң ғылымына сіңірген елеулі еңбегін атап өтті.
«Қайраткер ғалым ұзақ жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және құқық институтының Сот ісін жүргізу кафедрасын басқарып, болашақ заңгерлерге теориялық білім мен бай тәжірибе берді. Қалауша Әділханұлы – талантты педагог және тәлімгер, ол жоғары білікті заңгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеген. Заңнамалық және нормативтік актілерді әзірлеуге белсенді қатысып, құқықтық реформаларды іске асыруға атсалысты. Табанды еңбегінің нәтижесінде жоғары дәрежелі марапататтар алған. Әріптестері мен шәкірттерінің жадында ол халқының көрнекті тұлғасы, дарынды ғалым, тәжірибелі педагог, әділ және адал заңгер болып қала береді», – деп атап өтті бірінші проректор.
Дөңгелек үстелді филология ғылымының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Нұрсұлу Шаймерденова жүргізді.
Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова Қалауша Бегалиевтің өмірі, кәсіби және ғылыми қызметінің басты кезеңдеріне тоқталды. «Қалауша Бегалиев құқықтану саласындағы іргелі теориялық білімі, орасан зор практикалық тәжірибесі мол ғалым болды», – деп атап өтті Баян Өмірбекқызы.
Іс-шарада ғалымның ұлы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты, отставкадағы судья Нариман Қалаушаұлы және оның жұбайы, педагогика ғылымының докторы, профессор Сәуле Баязқызы сөз сөйледі.
Профессор Қ.Бегалиевтің ғылыми қызметі туралы заң ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Алуа Ибраева айтып берді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, филология ғылымының кандидаты, профессор Майнұр Бөрібаева «Дәуір және тұлға» атты ғылыми-ағартушылық жобасының мақсаттары мен міндеттерін ашып көрсететін баяндама жасады.
Құрметті қонақтар мен дөңгелек үстелге қатысушылар көрнекті ғалым туралы естеліктерімен бөлісіп, Қазақстанның конституциялық және әкімшілік құқығын дамытудың өзекті мәселелері мен құқықтанудың жаңа бағыттарын талқылады.
Ғылыми іс-шараны ҚазҰУ-дың филология және заң факультеттері бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі