Өркениеттер сұхбатындағы ұлттық құндылықтарFarabi University

Өркениеттер сұхбатындағы ұлттық құндылықтар

18 қараша, 2024

Орнықты даму мақсаттарының «Білім беру» бағытына байланысты бүгін, 18-қарашада ІХ «Қасымжанов оқулары» аясында, Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына және бүкіләлемдік философия күніне орай, философия кафедрасының аға оқытушылары Гүлнар Сембаева мен Жадыра Казиеваның ұйымдастыруымен «Өркениеттер сұқбаттастығындағы ұлттық құндылықтар» атты шығармашылық-танымдық командалық сайыс өткізілді. Сайысқа философия мамандығының 4-курс студенттері белсене қатысып, өздерінің танымдық және шығармашылық қабілеттерін ортаға салды. Философия кафедрасының меңгерушісі, доцент Әсет Абайұлы Құранбек студенттердің танымдық сайысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, білімгерлерге сәттілік тіледі. Кафедра оқытушылары Қ. Дауталиев, Д. Балабекұлы, Б.Аташ, Н.Жанысқызы сайысқа төрелік етіп ат салысты. Студенттер сайысы үш турдан тұрды. Таныстыру мақсатындағы бірінші турда топтар өздеріне жеребе арқылы берілген ұлттың ұлттық құндылықтарын ескере отырып, мәдени ерекшеліктерін айшықтап көрсетті. «Үй тапсырмасы» деп аталатын екінші турда үйден дайындап келген, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін әр ұлттың салт-дәстүрінен көрініс көрсетілді. Үшінші тур – интеллектуалдық сайыс, топтарға өздері насихаттаған ұлттың философиясы жайында түрлі сұрақтар қойылды. Қазақ, жапон, үнді мәдениеті мен құндылықтары бойынша сайысқа түскен студенттер өте жақсы дайындық деңгейін көрсете білді. Ұлттық құндылықтар – болашақ ұрпақ тәрбиесіндегі басты негіз екендігін дәріптеген танымдық сабақ өз мақсатына жетті. Кеш соңында алғыр студенттер түрлі мазмұндағы марапаттармен марапатталды.