«Ұлттық валюта – Теңге күні» мерекесіне орай ашық кураторлық сағат
15.11.2024 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Экономика және Бизнес жоғары мектебі «Қаржы және есеп» кафедрасының ұйымдастыруымен ТДМ 4 «Сапалы білім», ТДМ 8 «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу», ТДМ 17 «Тұрақты даму үшін серіктестік» аясында «Ұлттық валюта – Теңге күні» мерекесіне орай ғылыми декаданың салтанатты аяқталуына арнап «Қаржы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенттері ұйымдастырған мерекелік ашық кураторлық сағат өткізілді. Бұл мәдени шара ұлттық валютамыздың нығаюына және студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында «Қаржы және есеп» кафедрасының бастамасымен өткізілген он күндік ғылыми декаданың жабылу салтанатына орайластырылып өткізілген болатын. Студент жастар мен профессор-оқытушылар қауымы жұмыла атсалысқан мерекелік кешіміз жастардың патриоттық сезімін оятуда, егемендігіміздің бір нышаны болып табылатын төл теңгеміздің нығаюына қазақ жастарының қосқан үлесі деп біліңіздер. Кешіміз өте қызықты өтті. Атап айтқанда, университет қабырғасында тәлім алушы жастардың бойындағы өнері мен қабілет-қарымын танытуда, сондай-ақ жоғары курс оқушылары мен бірінші курсқа енді келген талапкер жастардың арасындағы таныстық, ынтымақтастық, достық қарым-қатынастың орнауына көп септігін тигізерлік іс-шара болды. Кеш соңында «Қаржы және есепу кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к., профессор Керімбек Ғалымжан Есқараұлы қорытынды сөз сөйлеп, топ эдвайзерлері Асилова Айжан Сәрсенқызы мен Мамутов Болат Амантайұлы «Қаржылық сауаттылық» курсын бітірген студенттерге арнайы сертификаттар табыс етті. Кеш қонақтары мен ұйымдастырушы жастарға шексіз алғыс айтамыз. Еліміздің экономикасы өркендеп, төл теңгеміз төрден көріне бергей демекпіз.