ҚАЗҰУ ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІ УНИВЕРСИТЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫНЫҢ ТАЛАПТАРЫНА САЙ «ҚАЗАҚ АНАЛАРЫ – ДӘСТҮРГЕ ЖОЛ» РҚБ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

22 қараша, 2024

2024 ж. 21 қарашасында шығыстану факультетінде қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ф.Н. Дәулеттің ұйымдастыруымен “Қазақ аналары - дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» тақырыбында кездесу өткізілді. Аталмыш кездесу ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарының 5 – гендерлік теңдік, 17 – тұрақты даму үшін серіктестік, 10 – теңсіздікті қысқарту тараушаларының талаптарына үндес келеді. Кездесуде “Қазақ аналары-дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы және Алматы облысы филиалдарының төрайымы – қазақ ұлттық дәстүрлерінің белгілі насихаттаушысы, филолог, қоғам қайраткері «Алтын алқа» иегері Л.Н. Дәулет, республикалық білім жетілдіру институтында көп жылдар бойы аға ғылыми қызметкер болған, ұлағатты ұстаз, белгілі педагог-әдіскер және қоғам қайраткері – С.Т. Мұқанова, оқу ісінің үздігі, “Ұлағатты ұстаз” және “Томирис патшайым” ордендерінің иегері,    белгілі қоғам және мәдениет майталманы  Б.Б. Керейқұлова, “Қазақ аналары-дәстүрге жол” республикалық қоғамдық бірлестігінің Бостандық ауданы филиалының төрайымы, Алматы қаласындағы сәулетті ғимараттардың салынуына үлес қосқан құрылысшы К.Н. Сатімбекова аналарымыз отбасындағы сыйластық қарым-қатынас, әріптестер арасындағы сыйластық қарым-қатынас, студенттер арасындағы сыйластық қарым-қатынас және ұлтаралық сыйластық қарым-қатынас тақырыптарында әңгіме өрбітті. Кездесу барысында іс-шараны ұйымдастырушы қытайтану кафедрасының және Түріктану және Шығыс елдері тарихы, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедраларының мұғалімдері мен бакалавр, магистрант, докторанттары кездесу қонақтарының өнегелі әңгімелеріне тәнті болып, өздерінің ұлттық тәрбие хақындағы көкейкесті ойларын ортаға салды. Көпшілік ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртатын, халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлерін жас ұрпаққа дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Құрылғанына үш жылдың жүзі болған, “ұлттық құндылықтар - ұлт қазынасы” деген ұранды ту еткен “Қазақ аналары-дәстүрге жол”  атты республикалық қоғамдық бірлестіктің алдына қойған мақсаты – қазақ халқының ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрін жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау. Аталмыш ұйымның өз алдына алған миссиясы – қазақ халқының  «руыңды тәрбиелегің келсе ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды тәрбиелегің келсе қызыңды тәрбиеле», «әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген даналық философиядан бастау алады. Кездесуге қатысушы көпшілік халқымыздың баянды және кемел болашағын қамдауда, ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін жаңғыртудағы әйел – ананың орнының ерекше маңыздылығын атап айтты. Кездесуге келген аналарға шығыстану факультетінің басшылығы атынан алғыс хаттар және шығыстану факультетін 30 жыл бұрын тәмамдаған түлектері атынан құнды сыйлықтар табыс етілді.   

 

Дәулет Ф.Н.