Мәскеуде «Түркітану» сериясының кітаптарының тұсаукесері өтті.

21 қараша, 2024

2024 жылдың 21 қарашасында Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде Қазақ тілі мен мәдениеті орталығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жарық көрген «Түркітану» сериясындағы кітаптардың тұсаукесері өтті. Іс-шараны және тарту рәсімін ұйымдастырушы – ТМД және көршілес елдердің тілдері мен мәдениеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Хулхачиева Жеңішкүл Саматқызы кездесуге модераторлық етті.

Іс-шараны ММЛУ халықаралық қызмет жөніндегі проректоры Владимир Александрович Сторожев ашып, құттықтау сөзінде Орталықтың студенттерді қазақ мәдениетімен таныстырудағы орасан еңбегін атап өтіп, мұндай кездесулердің маңыздылығына тоқталып, сыйға тартылған кітаптар үшін алғысын білдірді.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісінің кеңесшісі Еділ Хозеұлы өз сөзінде екі ел мен мәдениеттер арасындағы тарихи байланыстарға тоқталып, мәдени және ғылыми байланыстарды нығайтуға арналған «Түркітану» сериясының бірегейлігін атап өтті. Қырғыз Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшісінің кеңесшісі Байымбетова Гүлбарчын Сулаймановна мәдени мұраны насихаттауға бағытталған бірлескен бастамалар мен жобалардың маңыздылығына тоқталды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың атынан құттықтау сөзін филология ғылымдарының докторы, профессор, түркі және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры Шаймерденова Нұрсұлу Жамалбековна оқып берді. Баяндамашы «Түркітану» сериясы аясында жарық көрген терминологиялық сөздіктер мен олардың ғылыми зерттеудегі маңызына да тоқталды.

Филология ғылымдарының кандидаты, Астана IT университетінің доценті Аманжолова Джемма Болатовна ұлттық болмыс пен мәдени жадты қалыптастырудағы эпикалық әдебиеттің маңызына тоқталып, шараның «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан эпикалық мәтінге» (ИРН AP23486380) жобасы аясында өтіп жатқанын атап өтті.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, МАИН академигі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Шаймерденова Меңдіғаным Джамалбековнаның баяндамасы түркі тілдері мен мәдениетінің дамуының тарихи аспектілеріне арналды. Орталыққа өзі авторы болып табылатын Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарды сыйға тартты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты Қайыржанова Әдия Тасболатовна «Түркітану» сериясы туралы баяндып, оның ішінде Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың алтайтану және түркология мәселелеріне арналған кітабына тоқталды.

ТМД және таяу шетел елдерінің тілдері мен мәдениеті кафедрасының оқытушысы Бобкова Арина Анатольевна қазақ тілі мен мәдениеті орталығының қызметі мен алдағы міндеттеріне тоқталды.

Тұсаукесерге ТМД және Таяу шетелдердің тілдері мен мәдениеті кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты. Кездесуге қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ММЛУ арасындағы білім беру байланысының одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

 

Шаймерденова Нұрсұлу Жамалбекқызы

филология ғылымдарының докторы, профессор, Түркітану  және алтайтану ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры