Кедендік әкімшілендіруді дамыту

25 қараша, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да заң ғылымының докторы, профессор Сайлаубек Әлібековтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Цифрлық трансформация жағдайындағы кедендік әкімшілендірудің заманауи сын-қатерлері мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Білім ордасының 90 жылдығы аясында өткен іс-шараны заң факультетінің Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру шеңберінде ұйымдастырды.

Жиынның мақсаты – жаңа сын-қатерлер жағдайында кеден органдарының қауіпсіздігі мен қызметін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін шешу, даму бағыттары мен перспективаларын және тұрақты дамуға көшу жағдайында кедендік әкімшілендірудің аса маңызды тұжырымдамалық мәселелерін талқылау.

Шараға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, ҚР мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық және ұлттық сарапшылар, азаматтық қоғам мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, ЖОО оқытушылары және білім алушы жастар қатысты.

Жиынды ашқан ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор м.а. Еркін Дүйсенов профессор Сайлаубек Тынышбекұлын университет ұжымы атынан мерейтойымен құттықтап, білім, ғылым, педагогика және қоғамдық қызмет саласындағы еңбегін атап өтті.

Сайлаубек Тынышбекұлы тәуелсіз Қазақстанның кеден қызметі үшін кадрлар даярлаудың бастауында тұрып, Алматы қаласы мен Қазақстан Республикасы кеденінің консультативтік кеңестеріне елеулі үлес қосты. Ғалым кедендік әкімшілендіру жүйесін жетілдіруге ықпал етіп, жұмыс тобының құрамында Қазақстанның Кеден кодекстерін әзірлеуге қатысты. Бұл  аталған саланы дамытудағы маңызды кезең болды. Ғалымның ғылыми қызығушылықтары кедендік құқықтың өзекті мәселелеріне арналған 250-ден астам басылымда көрініс тапты.

«Сіз жоғары білікті мамандарды тәрбиеледіңіз, магистранттар мен докторанттардың ғылыми зерттеулеріне жетекшілік етуді жалғастырдыңыз, осылайша заң ғылымының болашағы үшін берік негіз қаладыңыз», – деді проректор өз сөзінде.

Ғылыми жиынға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, заң ғылымының докторы, профессор Игорь Рогов, Қонаев университетінің президенті, заң ғылымының докторы, профессор Өмірәлі Жалайыри, ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымының докторы Мұсабек Әлімбеков және басқалар қатысып,  баяндама жасады. Сондақ-ақ іс-шарада профессор Сайлаубек Әлібековтің кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Конференция жұмысы цифрлық трансформацияның кедендік әкімшілендіру процестеріне әсері, жаңа сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында кеден органдарын дамыту, қазіргі жағдайда экономикалық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері, кеден ісінде цифрлық технологияларды пайдаланудың шетелдік тәжірибесі сынды бағыттар бойынша секциялық отырыстарға жалғасты. Ғылыми жиын нәтижесінде қатысушылардың баяндамалары бойынша электронды материалдар жинағы шығарылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі