ҚазҰУ Ректоры тұрақты даму жиынына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев «Тұрақты даму моделіне көшу мақсатында әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару» тақырыбындағы конференцияға қатысты. Іс-шара ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, 2008-2015 жылдары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін басқарған Жексенбек Әділовтің 75 жылдығына арналды.
Конференция барысында қатысушылар Жексенбек Мәкейұлының азаматтық және кәсіби қасиетін, сондай-ақ ел дамуына қосқан үлесін атап өтті.
Шарада ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаты оқылды.
«Жексенбек Әділовтің өмір жолы адал еңбек пен жоғары кәсіби біліктіліктің, ғылым мен білімге деген зор құштарлықтың айқын көрінісі. Отандық ғылым мен білім беру саласының дамуына баға жетпес үлес қосып, бірнеше буын білікті мамандардың қалыптасуына ұйытқы болды. Жексенбек Мәкейұлының ғылым саласындағы ерен еңбегі алдағы уақытта да лайықты бағаланып, жемісті жалғасын таба беретініне сенімдімін», – делінген құттықтау хатта.
Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді. Жансейіт Түймебаев Жексенбек Әділовтің есімі Қазақстандағы техникалық білім мен ғылымның дамуымен тығыз байланысты екенін жеткізді.
«Жексенбек Мәкейұлы – бар ғұмырын отандық білім мен ғылымды дамытуға арнап келе жатқан бірегей тұлға. Еңбегінің және қажыр-қайратының арқасында қайраткер ғалым өзінің кәсіби маман екенін көрсетті. Бүгінге дейін көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазіргі таңда шәкірттері түрлі қызметтерде еңбек етіп жүр. Жексенбек Мәкейұлының азаматтық тұлғасы, ғылымдағы еңбек жолы кейінгі жас буынға үлгі-өнеге», – деді ректор.
Сондай-ақ конференция барысында ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов құттықтау сөз сөйледі. Академик өз сөзінде Жексенбек Әділов педагогикалық қызметтен бөлек, ғылыми жұмыстарды қатар алып жүрген тұлға екенін баса айтты. Бүгінде ғалым жеті монография мен 70-тен астам ғылыми-әдістемелік жұмыстардың авторы.
Жексенбек Мәкейұлы – Қазақстанда тұрақты даму моделіне көшу үшін қажет күрделі әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқарудың теориялық негіздерін әзірлеу бағытындағы зерттеудің негізін қалаушылардың бірі. Алынған нәтижелерді экономиканың нақты секторына және білім беру саласына іс жүзінде енгізуге бастамашы болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі