ТДМ-16: «І Халықаралық Түркі дүниесі жастары» форумы өтті
Университетіміз 21-23 қараша күндері аралығында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы және «ALMATY CREATIVE» креативты индустирияларды дамыту орталығымен бірлесіп «І Халықаралық Түркі дүниесі жастары» форумын кең көлемде, жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Бұл халықаралық форумға әлемнің 25 мемлекетінен 200-ге жуық жастар қатысты. Олардың ішінде Түркия, АҚШ, Германия, Австрия, Венгрия, Нидерланды, Моңғолия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Швейцария, Солтүстік Македония, Румыния, Болгария, Түркменстан және басқа да мемлекеттер бар. Әлемнің әр түкпірінен келіп, өзара бас қосқан жастар форум барысында бір-бірімен танысып, «ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТАБЫСҚА ЖЕТКЕН ЖАСТАРЫ» және «ТҮРКІ ӘЛЕМІ ЖАСТАРЫНЫҢ ОРТАҚ ЖӘНЕ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ» тақырыбында өткен пікірталас отырыстарында өз ойларын ортаға салып, білім алу, кәсіпкерлік, мәдениет пен спорт салаларындағы жетістіктерін талқылады. Сонымен қатар бірге жұмыс істей отырып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, бір-бірін қолдау, ынтымақтастықта болу жайы да сөз болды.
«І Халықаралық Түркі дүниесі жастары» форумы – түркі халықтарының ортақ мәдениетін, тарихын және дәстүрлерін дәріптеу, сондай-ақ жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етті. Осы мақсатта түркі әлемі жастарының бір-бірімен еркін тәжірибе алмасуына жағдай жасап, жарқын болашақты бірге қалыптастыруға үлкен мүмкіндік берді.